Жаңалықтар
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев жұмыс сапарымен облыстық және қалалық балалар ауруханаларында болып, аталмыш мекемелердің балалар денсаулығын сақтау мен арттыру бағытындағы мүмкіндіктерімен танысты.
№13 «Бәйтерек» ықшам ауданында орналасқан қалалық аурухана жаңа туылған сәбилерден бастап 15 жасқа дейінгі балаларға арналған 220 төсектік көп салалы аурухана 4 қабатты емдеу корпусынан және 2 қабатты физиобөлімінен тұрады. Құрылыстың жалпы құны - 5 миллиардқа жуық теңгені құрайды, аурухана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған және тиісті санитарлы-гигиеналық талаптарға сай үйлестірілген. Аурухананың бас дәрігері Райымбек Нұржанов жаңа ғимараттың бұрынғыдан 5 есе үлкендігін әне балалар мен жасөспірімдерді емдеу үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалғандығын, сондай-ақ аурухана қызметкерлеріне демалатын бөлмелердің де қарастырылғанын айтып өтті. Науқастарды диагностикалық тексеру үшін магнитті резонансты томограф, компьютерлік рентген аппараты, 12 каналды электрокардиограф, спирограф, ағзалар құрылысын тексеретін ультрадыбысты доплеграфты зерттеу жабдығы, тәуліктік бақылау жасайтын электроэнцофолограф құрылғылары бар. Жан сақтау бөлімі демалдыру құрылғысымен, нәрестелерге арналған реанимациялық орындармен және кювездермен, мониторлармен, перфузорлармен тиісінше жабдықталған. Сондай-ақ, реанимация бөліміне науқастарды емдеу үшін портативті гемосорбция құрылғысы тәрізді қажетті жабдық та алынған. Отолорингология бөлімшесі ота әдісі үшін бейнескопиялық тағанмен, ал ота бөлімі наркозды демалу құрылғысымен жабдықталған.
Бүгінгі таңда қалалық балалар ауруханасы материалдық–техникалық базасы мықты дамыған және жоғары білікті мамандармен қаматамасыз етілген, кең спектрлі нозологиялық түрде, жоғары деңгейде, шұғыл, жоспарлы, емдеу, диагностикалық, оңалту көмектерін көрсетуге дайын заманауи клиникалардың біріне айналған.
2016 жылы аурухана келесі медициналық жабдықтармен қамтылды:
1. Жаңа туылған нәрестелерге арналған сарғыштықты кетіретін фототерапия аппараты.
2. Фармацевтикалық тоңазытқыш
3. Медициналық – лабораториялық центрифуга (2 дана)
4. Науқастар мониторы
5. Науқастарға арналған жасанды дем беру аппараты
6. Электр сорғышы
Басқарма басшысының келесі жұмыс кестесі облыстық балалар ауруханасына жалғасты. Тілеухан Шілдебайұлы балаларға көліктік-кеңес беру қызметінің, жансақтау және анестезиология, сәулелік диагностика бөлімшелері мен операциялық блоктың жұмысымен танысты.
Облыстық балалар ауруханасы – Жамбыл облысындағы барлық медициналық мекемелерге консультативті-диагностикалық, әдістемелік, жетекшілік, шұғыл және жедел түрде көмек көрсететін облыстық деңгейдегі емдеу мекемесі болып табылады. Сондай-ақ қиын жағдайдағы жаңа туылған нәрестелер мен 5 жасқа дейінгі балаларға мониторинг жүргізу бойынша облыстық балалар үйлестіру орталығы болып есептеледі. Стационарда онкогематология және травматология, жалпы хирургия, нейрохирургия бойынша мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Осындай санаттағы науқастар үшін жедел және жоспарлы түрде республикалық медициналық орталықтармен бірлескен консультативті-диагностикалық қызмет түрлері жасалады. Бас дәрігері – республикаға танымал нейрохирург, медицина ғылымдарының кандидаты Рабандияров Марат Рабандиярұлы.
Қазіргі таңда Жамбыл облыстық балалар ауруханасының базасында телемедицина мен санитарлық авиацияның қызметтері пайдаланылады. 2016 жылы 569 шақыртуға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді. Облыстық балалар ауруханасының мамандары тарапынан аудандық мекемелердегі 666 науқас балаға санитарлық авиация бағыты бойынша консультативті-диагностикалық және емдеу қызметтері ұсынылды. Телемедицина бойынша 51 дәрігерлік кеңес берілді. 1 жасқа дейінгі балалар – 292, 5 жасқа дейінгі балалар – 184.
2016 жылдың ішінде барлығы 3830 операция жасалынса, оның ішінде 143-і – жоғары мамандандырылған медициналық көмек деңгейінде ұйымдастырылған.
2016 жылдың мамыр айынан бастап созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің терминалды сатысындағы балаларға перитонеалды диализ жүргізілуде.
Медициналық нысандардың жұмысымен танысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т. Әбілдаев клиникалардың жабдықталуына, кішкентай емделушілерге сапалы медициналық көмек көрсетуге бағыттылған жұмыстың ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Сондай-ақ, ол дәрігерлердің біліктіліктерін арттыра отырып, жетекші клиникалардың мамандарымен тәжірибе алмасуды дамыту қажет екендігін айтты.Жалпы, балалар нейрохирургиясы бойынша оңтүстік өңірдегі жетекші емдеу мекемелерінің біріне айналып отырған облыстық балалар ауруханасының емдеу және сауықтыру бағытындағы мүмкіндіктерімен танысып, оларға талдау-сараптау жасаған басқарма басшысы мекеме қызметкерлерінің еліміздің болашағы балалар денсаулығын арттыруға тигізіп отырған үлестеріне сенім артты.
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы