Бүгінгі таңда елімізде ауыр операциялардан кейінгі науқастарды оңалту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осыған орай, №1 Тараз қалалық ауруханасында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталі мен Қазақ ұлттық Асфендияров атындағы медицина кадрларының біліктілігін арттыру институты және Бубновскийдың емдеу орталығының дәрігерлерімен бірлесіп, Жамбыл облысы бойынша кардиологиялық және неврологиялық науқастарды көп деңгейлі оңалту туралы семинар-тренингісі өткізді.
Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталі директорының орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, профессор Есентай Тәжиевтің айтуынша, госпиталь біраз уақыттан бері отадан кейінгі науқастарды оңалту мәселесімен айналысып келеді.
«Сырқат адамды неғұрлым тезірек толыққанды өмір мен еңбекке бейімдесек, одан мемлекет те, науқас та ұтылмайды. Аймақтарда осындай іс-шараларды өткізе отырып, науқас адамдарды аурудан кейін аз уақытта қайта қалпына келтіру, сондай-ақ, әріптестердің көкейкесті мәселелерін талқылау, көрген-білгенімізбен бөлісу үшін біз кездесуге кардиолог, терапевт, невропатолог дәрігерлерін шақырдық -деді профессор Есентай Тәжиев.
Қазіргі уақытта оңалту көмегіне мұқтаж науқастар, кеңестік кезеңдегіден әлдеқайда көп. Бүгінде барлық жекеменшік шипажайлар науқастарды оңалту мәселесімен айналыспайды. Ал, шет мемлекеттерде мұндай жұмыстар жоғары деңгейге қойылған.
Семинар-тренингтің теориялық бөлімінен басқа, практикалық сабақтар да өткізілді. Оның барысында арнайы келген нұсқаушылар, емдік дене-шынықтыру дәрігерлері отадан кейінгі науқастарды оңалтудың жаңа әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
 
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық
сақтау басқамасының баспасөз
орталығы