Жалпы, облысымызда денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдауына, сондай-ақ, олардың бастамалары мен шығармашылық ізденістерін қолдауға септігін тигізер шаралар, түрлі аталымдар бойынша байқаулардың өткізілуі жарасымды дәстүрге айналып отыр.
Осындай іс-шаралардың бірі – медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында «Үздік дәрігер» және «Үздік ауыл дәрігері» облыстық байқауының қорытынды кезеңі болып өтті. Мұндай сынға салада кем дегенде, он жылдық еңбек өтілі бар мамандар қатыса алады, әрі олардың жас ерекшеліктеріне де ешқандай шектеу қойылмайды. Биылғы «Үздік дәрігер» мен «Үздік ауыл дәрігері» байқауына облысымыздағы емдеу алдын-алу мекемелерінен іріктелген 9 үміткер қатысып, өзара сынға түсті.
Олар қазылар алқасы назарына ақпараттық технологияларды қолдану арқылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымының жұмысын жақсарту бойынша баяндама жасады, сондай-ақ, өздерінің күнделікті жұмыстары жөнінде түсірілген бейнероликтерді қоса ұсынды. Алғашқы кезеңде олардың теориялық білімдері, екінші кезеңде тәжірибелік дағдылары тексерілді.
«Үздік ауыл дәрігері» аталымы бойынша байқауда Қордай аудандық орталық ауруханасының емдеу дәрігері Аян Сумбекова Сабантайқызы жеңіске жетіп, 2-ші орынды Тұрар Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының дәрігер неврологы Ләззат Сулейманова Ахмединқызы, 3-ші орынды Жуалы аудандық орталық ауруханасының терапевт дәрігері Әлия Тасжүрекова Шабанқызы иеленді.
«Үздік дәрігер» номинациясы бойынша Жамбыл облыстық ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Мирвохид Миркадиров Мирзалыұлы топ жарып шықса, 2-ші орын №1 қалалық ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері Руслан Юсупов Жанхайдарұлына, 3-ші орын облыстық наркологиялық диспансердің нарколог дәрігері Жұмағали Надырқұлов Абдрахманұлына бұйырды.
Жеңімпаздарға облыстық денсаулық сақтау басқармасының құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.