Өңірлік коммуникациялар орталығында облыстық денсаулық сақтау және дін басқармалары, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің қатысуымен Еуропалық иммундау апталығына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Жамбыл облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Гуля Мырзабекова атап өткендей, 2017 жылғы сәуір айының 24-і мен 30-ы аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аумақтық бюросының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасында, оның ішінде Жамбыл облысы аумағында «Вакциналар әрекет етуде!» ұранымен иммундау апталығы өтеді. Аталған іс-шара 2005 жылдан бастап аталып өтеді және ол жыл сайын сәуірдің соңында тұрғындарды екпенің маңыздылығы жөнінде хабардар ету, вакциналардың тиімділігі бойынша білімдерін арттыру мақсатымен ұйымдастырылады.
Бүгінгі таңда аурулардың алдын алу жолындағы денсаулық сақтау саласының негізгі бағыты – вакцинация. Соңғы онжылдықта аурушаңдықтың төмендегеніне қарамастан, екпемен басқарылатын инфекциялардан қорғанудың сенімді жолы - егу болып қалуда. Балалар мен ересектер арасындағы иммундаудың тиімді бағдарламаларының нәтижесінде облыста көптеген екпемен басқарылатын инфекциялар айтарлықтай азайды, ал полиомилит мүлдем жойылды. 2003 жылдан бері дифтерия ауруы тіркелген жоқ, тек қызамық, қызылша, эпидемиялық паротит, көкжөтел, сіреспенің бірыңғай жағдайлары ғана есепке алынған, «А» және «В» вирусты гепатиті 60 есе төмендеген.
Жамбыл олбысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Құралай Саринаның айтуынша, балаларға екпе жасату – адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі. Соның арқасында жер шарында миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Оған бір кездері талай тағдырды үзген шешек ауруының жойылуы дәлел бола алады. Қазақстанда балаларды егу үшін пайдаланатын екпелер бір дозалық және олардың құрамында мертиолят жоқ. Вакциналарды тазалау үрдісі, шығарушы өндіріс, сонымен қатар, оны алатын мемлекет қарамағынан да қатаң бақылауға алынады. Баласына профилактикалық екпе жасату - әр ата-ананың міндеті. Оның алдында дәрігер, ол болмаған жағдайда фельдшер егілетін адамды тексеріп-қарайды, иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда медициналық құжатында рұқсат беріп, оның ата-анасына немесе заңды өкіліне екпеден кейінгі ықтимал реакциялар және қолайсыз көрсетілімдер, егуден бас тарту салдары туралы толық ақпарат беріп, жазбаша түрде ресімделеді. Иммундалған адам 30 минут бойы сол ұйымда медицина қызметкерінің бақылауында болады.
Дін проблемаларын зерттеу орталығының жоспарлау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ерзат Жақыповтың айтуынша, Қасиетті Құранда һәм Пайғамбарымыздың сүннетінде вакцинацияға анық тыйым салынбаған. Себебі қазіргі аурулардың көбісінің пайда болуына нашар экология, қоғамдық көлік, тұтыну орындары себеп болып жатыр. Ислам дәстүрлері медицинаны қолдайды. Сонымен қатар, ислам Құран мен сүннетке қайшы келмейтін емделу жолдарын қолдануға шақырады.
Апталық барысында облыс тұрғындары арасында вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстары, медициналық мекемелерде арнайы мамандардың қатысуымен ашық есік күндері ұйымдастырылып өткізіледі.
Сонымен қатар, Еуропалық иммундау апталығы аясында №2 қалалық емханасының медицина қызметкерлері флеш-моб ұйымдастырып, келушілерге керемет көңіл-күй сыйлады.
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы