Штаб отырысы

Облыстық қан орталығының мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовтың төрағалығымен ана мен бала денсаулығын қорғау және жіті миокард инфарктісі мен жарақаттар кезінде көрсетілетін медициналық көмек және онкологиялық аурулардың алдын-алуға арналған облыстық штаб отырысы өтті. Оған денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері, аудандық, қалалық емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері мен аудан әкімінің орынбасарлары қатысты. Жиында облыстық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков Жамбыл облысы бойынша 2017 жылдың 1 тоқсанындағы жүректің жіті инфаркті және инсульт ауруларына ықпалдандырылған басқару моделін енгізу жөніндегі «Жол картасының» орындалуы туралы баяндама жасады.
Облыста онкологиялық аурулардан болатын өлім- жітім көрсеткіші -Сарысу ауданы мен Шу қаласында жоғары. Ал, Қордай ауданында оқыс жағдайдан көз жұматындардың саны артқан. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадірбекова бұл көрсеткіш жол апатының жиілеуі есебінен ұлғайып отырғанын жеткізді. Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі Ғалымжан Жолдасбаевтың айтуынша, Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлердің саны - 7. Аталған жол патрульдік полициясы аудан орталығы мен елді мекендердің қауіпсіздігін бақылайды. Ал республикалық мәндегі жолда отыз адамнан тұратын облыстық полиция батольонының бір взводы ғана бар. Жалпы, жүргізушілер жол жүру ережесін біле тұра, тәртіп сақтамайды. Өйткені, жол полициясына бұрынғыдай көліктерді бір орында тұрып бақылауға, қадағалауға болмайды. Қызметкерлердің санының аздығы мен жанар - жағар май тапшылығы, арнайы заманауи құрылғылардың жетіспеушілігі салдарынан жүргізушілер еркінсіп, жылдамдықты шамадан тыс арттыруда. Бұның соңы жол апатының жиі орын алуына әкеп соғуда.
Емдеу мекемелерінің басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарларына бірқатар тапсырмалар жүктелді. Жиын соңында «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, дәрігер Сейітхан Жошыбаев дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін емдеу ісі алдыңғы қатарда болу керектігін айтып, ақ халаттыларға ақыл-кеңес берді.
 
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы