Республика көлемінде жыл сайын тіркеліп отырған Конго Қырым геморрагиялық қызбасы дерті - табиғи ошағы бар аурулардың қатарына жатады. Оны қоздырушы вирустың табиғатта жануарлар арасында айналысқа түсуіне байланысты мүлдем жойып жіберу мүмкін емес, сондықтан табиғи ошақтары бар елді мекендерде аурудың кездесу ықтималдығы жоғары. Осыған байланысты, облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, денсаулық сақтау және ветеринария басқармалары және Ұлттық сараптама орталығы мамандарының қатысуымен конго-қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күреске арналған семинар өткізілді.
Онда Тараз қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Шолпан Мамедохунова, КҚГҚ-ның табиғи ошағындағы алдын алу және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені туралы мәлімдеуінше, Жамбыл облысы аумағында Конго-қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ)табиғи ошағы - Сарысу, Мойынқұм, Талас, Жамбыл, Байзақ аудандарындағы 68 елді мекендерінде және Тараз қаласында орналасқан.
Ондағы тұрғындарды қорғау үшін бірінші кезектегі іс-шараларды атқару бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің 2017 жылдың 30 қаңтарындағы № 11 Қаулысы қабылданып, көктем және күз мезгілдерінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге тиісті қаражат бөлінгендігі мәлімденді. 2017 жылдың наурыз-сәуір айларында Ұлттық сараптама орталығы мен Жамбыл облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қызметкерлері КҚГҚ-ның табиғи ошағында, эпидемиологиялық жағдайды болжау, ауыл шаруашылық малдарындағы және табиғаттағы кенелердің індеттену пайызын айқындау, сонымен қатар тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу мақсатында көктемгі барлау жұмыстарын бастап кетті.
Сонымен қатар, табиғи ошақта орналасқан елді мекендерде Ұлттық сараптама орталығы мен ауыл шаруашылық басқармасының мамандары кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының 1-ші кезеңін (көктемгі) сәуірдін 10-ші күнінен бастап жүргізуде. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының 2-ші кезеңі (күзгі) тамыз айынан басталады. КҚГҚ-сы бойынша табиғи ошақ аумақтарында ауыл шаруашылық малдарын тоғыту үшін арнайы тоғандар мен душтарда мал басының кемінде 80,0 пайызын сол дәрілеуден өткізу жұмыстары жоспарланған.
Облыстың тиісті медициналық мекемелерінде КҚГҚ-мен ауырған адамдарға арналған дәрі-дәрмек, таңу, дезинфекциялық материалдардың және қан алмастырғыштардың, вирусқа қарсы препараттардың қажетті резервті қоры дайындалған. Науқастарды уақтылы оқшаулау, сонымен қатар емдеу және кене шаққаннан зардап шеккендерді 14 күн аралығында бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 87 провизорлық бөлімдер ашылып, төсектермен қамтылды.
Жамбыл облысы қоғамдық денсаулық сақтау және басқа да құзырлы мекемелер, тұрғындарды КҚГҚ қызбасы індетінен қорғау мақсатында барлық мүмкіндікті (бұқаралық ақпарат құралдарын, кинотеатр желілерін, көлемді билбордтарды, бейне және аудио таспаларды, үн парақшалармен плаккаттарды) пайдаланып, санитарлық-ағарту жұмыстарын облыстың барлық елді мекендерінде атқаруда.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – бұл адамды өлімге алып келетін қасіретті індет. Сондықтан, кене шақса, дер кезінде дәрігерге қаралу қажет, сонда ғана өз өміріңізді сақтауға мүмкіндік аласыз.
Семинар соңында КҚГҚ алдын алу мен эпидемияға қарсы шаралар кешенін жандандыру бойынша ұсынымдар қабылданды. Сондай-ақ, мамандар кенелер жаппай табиғатқа шықпас бұрын қора-қопсыны, аулаларды күл-қоқыстан тазартып, дәрілеу-өңдеу шараларын күшейту қажет екендігін айтты.
 
 
 
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы