Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаменті терроризмге қарсы орталығы мен Жамбыл облысы әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының дін танушы мамандарының және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлері арасында «Терроризм актісі орын алған жағдайда медициналық мекеме қызметкерлерінің бастапқы іс-әрекеті» және «Деструктивтік діни ағымдардың қауіпі» тақырыптарында семинар өтті.
Онда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаменті терроризмге қарсы орталығы бөлімінің қызметкері Баймаханов Марат қатысушыларға дін кеңесі жөнінде бірқатар түсініктер берді. Сондай-ақ, дін жəне білім (шетелдегі діни жəне зайырлы білім беру, білім беру мекемелеріндегі хиджаб кию мəселесі жəне т.б.) тақырыптары, қазақстандық зайырлы қоғамның құндылықтарын насихаттау, діни экстремизмнің алдын алу бағытында жүргізіліп отырған шараларға ақпараттық қолдау көрсету туралы, Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы айтылды.
Іс-шара барысында Жамбыл облысы әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының дін танушы маманы, бөлім басшысы Құлымбетов АлмасҚазақстанда тыйым салынған діни ұйымдар мен теріс ағымдардың сипатын, олардың шығу тарихын және дінтану сараптамасының теріс қорытындысын алған діни әдебиеттер, кітапшалар, уағызшылар жайында айтты.
Семинар соңында діни экстремизмнің шығуына әсер етуші факторлар мен еліміздің зайырлылық ұстанымын қалыптастыру туралы жан-жақты мәселелер айтылып, дәрігерлер тарапынан қойылған сұрақтарға толығымен жауаптар берілді.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов семинарда көтерілген және талқыланған мәселелер, айтылған ұсыныс-пікірлер, сын-ескертпелер бойынша тиісті іс-шаралар жоспары жасалатындығын айтты.
 
 
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы