Жамбыл облыстық туберкулезге
қарсы диспансерінің бас дәрігері
Қайрат Жетібаев
 
 
 
Жыл сайын 24-наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) шешімімен Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні атап өтіледі.1993 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезді ұлттық апат деп танып, наурыздың 24-ін бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні деп жариялады. 1998 жылдан бастап осы күн Біріккен Ұлттар ұйымының ресми қолдауын тапты. Оның мақсаты - ғаламдық туберкулез індеті туралы ақпараттылықты және осы ауруды жою бойынша күшті арттыру болып табылады.
Жамбыл облысы бойынша ауруға қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың нәтижесінде облыста туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы тұрақталып, аурушаңдық және одан болатын өлім көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Облыс бойынша алдыңғы жылғы көрсеткішке қарағанда, биылғы жылы бұл дертпен халықтың аурушандық көрсеткіші 5,7%-ға төмендеді, яғни 2016 жылдың 12 айында облыс бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 54,8 қарсы 58,1 құрады, одан болатын өлім-жітім көрсеткіші – 2,7 пайызға төмендеді. Дегенмен, облыста аталмыш дерттен болатын асқынулардың біршама жақсарғанына қарамастан, туберкулездің алдын алу шаралары жөніндегі ақпараттарға халықтың назарын аударып отыру қажет деп есептеймін. Оның алдын алудың аса тиімді тәсілдерінің бірі - халықты профилактикалық медициналық тексеру болып табылады. Тубрентгенологиялық әдіспен көкірек қуысын флюорография түсіру және рентгенологиялық әдіспен толық зерттеу арқылы анықтауға болады.
Туберкулезді диагностикалаудың аса сенімді және қолжетімді әдістері -тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханалардан ауру белгілері бар тұлғалар қақырығын микроскопиялық зерттеу және қолжетімді болған жағдайда генді-молекулярлық диагностика әдісі болып табылады. Балалардан туберкулезді анықтаудың маңызды әдісі - Манту (туберкулин) сынамасын және ауру белсенділігін анықтайтын «диаскинтест» сынамасын жасау. Әдіс ағзаның туберкулез бактериясын жұқтырғанын анықтауда жетекші болып табылады және оны қолдану баланың туберкулез жұқтырғанын ерте анықтауға мүмкіндік береді.
 

 

Бүгінде елімізде 2025 жылға қарай туберкулезбен аурушаңдықтың алдын-алу және одан болатын өлім-жітім деңгейінің көрсеткішін төмендету бойынша бірқатар жұмыстар жасалуда. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұрынғыдай науқасты стационарлық жағдайда ұстау - тиімді нұсқа болып табылмайды. Қазіргі жаңа әдіс бойынша, туберкулезді жаңадан жұқтырғандар мен дәрі-дәрмекке төзімділік танытатын науқастардың бір бөлмеде, «бір ауамен» тыныс алуы - дерттің ауыр жағдайын жұқтырып алуға қауіпті арттырады, сондықтан амбулаториялық емге басымдық беріліп отыр. Мұндай жағдайда, ауруды жұқтыру қаупі - 75%-ға төмендейтіндігі анықталған. Сондай-ақ, науқас өз үйінде болған соң, жанұя мүшелерінің психологиялық қолдауы айтарлықтай көмектеседі. Стационарлық жағдайда ауыр науқастарға, дәрінің жанама әсерлерін жою мақсатында басқа да ем түрлері жүргізіледі. Жалпы, онымен ауырған науқасты ауруханада тәулік бойы ұстауға біршама шығын кетеді. Ал, амбулаториялық емдеу барысында үнемделген қаражат материалдық-техникалық базаны жетілдіруге, заманауи құрал-жабдықтар алуға және кадрлар біліктілігін арттыруға жұмсалады.

 

 

 

Біріктіру моделі бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын күшейтуді көздейді. Оның аясында алдағы уақытта емханаларда мамандандырылған фтизиатриялық кабинеттер ашылады, олар ауруды ерте сатысында анықтауға жіне тиімді емдеуге мүмкіндік береді. Фтизиатрларға ортақ міндетті орындауға ат салысатын үйлестірушілердің, учаскелік дәрігерлердің жұмыстары артылады.

 

 

 

Жалпы жүйеге скринингтік тексерулер кіреді, ол қауіп тобындағы ауруларды белсенді түрде анықтайтын болады. Науқастармен байланыста болғандар эпидзерттеуден және тексерулерден өткізіліп, оларға қауіпсіз жүріп-тұру ережелері түсіндіріледі.

 

 

 

Сондай-ақ, бүгінде «шұғыл анықтаушы» деп аталатын аурудың бар-жоғын небары екі сағаттың ішінде анықтап беретін жаңа техногия түрінің пайда болғандығын да атап айту қажет.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің 2016жылғы 26-мамырдағы №174 қаулысы негізінде, медициналық ұйымдарды қайта ұйымдастыру, яғни орталықтандыру жұмыстары жүргізіліп, екі ауданда туберкулезге қарсы ауруханалар қажетсіз болғандықтан, жабылды. Мәселен, Байзақ ауданында 2015 жылы қолданысқа берілген 3 қабатты жаңа типтік ғимарат облыс көлеміндегі туберкулезбен ауырып, емделген науқастарды сауықтыру мақсатында 60 төсектік ересектерге арналған санаторийге қайта бейімделді. Нәтижесінде, облыс бойынша 105 тәуліктік төсек қысқартылды.

Қорыта айтқанда, қазіргі танда туберкулездің эпидемиялық сипатын жою үшін барлық мүмкіншіліктер жасалуда. Бұл ауру - емделуге болатын және оған қарсы шаралар өз нәтижесін беретін болғандықтан, дерттің алдын- алу үшін үкіметіміз бен қоғамымыз онымен күресіп, салдарын жою үшін қажетті жағдайлардың барлығын жасауда. Себебі, қоғам болып жұмылып, туберкулезге шалдыққандарға дер кезінде емделуге толыққанды көмек көрсетілмесе, жағдай қиындап кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы бұл көмекті міндетім деп сезінуі тиіс. Басты және кұнды байлығымыз - денсаулық екенін естен шығармайық! Қауіпті дертті тоқтату - барша адамзаттың міндеті. Денсаулық – ең құнды байлық екендігін ұмытпаңыздар!