Биылғы жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылады. Жаңашылдықты халыққа түсіндіру мақсатында ақпараттық-насихаттық штаб мүшелері жер-жерлерде халықпен кездесу өткізуде. Кезекті жиын – Жамбыл политехникалық колледжінде өтті. Жиынға №2 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гулам Умаров білім ордасының ұжымына аталмыш жүйенің мән-жайын баяндап берді.
Қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қорға ай сайын міндетті жарналарын аударады. Қорда сақталған қаржы науқастанған жандардың емделуі үшін емханаларға беріліп отырады. Жаңа жүйенің формуласы осындай-қарапайым. Ал тиімділігі орасан зор.
Жаңа қабылданған құжаттың ережесіне сай, халыққа медициналық қызметтің екі пакеті ұсынылады. Оның алғашқысы – базалық пакет. Яғни, мемлекеттің есебінен медициналық көмек алу. Мұнда жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік ауруларға, сонымен қатар, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері енеді. Айта кету керек, бұл қызмет барлық азаматтар үшін қолжетімді болмақ. Екіншісі – жаңадан құрылатын аталмыш қор ұсынатын сақтандыру пакеті. Яғни, бұл пакетке енетін қызмет түрлері азаматтардың әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асады. Амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек, осы екінші қызмет түрлеріне кіреді.
Кездесу барысында Гулам Умаров міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден босатылатын азаматтардың 15 санаты белгіленгенін де айтты. Олардың арасында балалар, соғыс ардагерлері, көп балалы аналар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, интернатта тұрып оқитындар және жұмыссыз оралмандар бар.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы 22 желтоқсанында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін өзгерту туралы заңға қол қойған.
Заңға сәйкес, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне медициналық сақтандыру үшін төлем жасай бастайды. Ал 2018 жылы 1 қаңтардан бастап жарна төлеген азаматтар дәрігерлік көмекке осы жүйе негізінде жүгіне алады.
 
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы