ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Вице-министрі Алейсей Цой аймақтағы жұмыс сапарымен 200 орындық облыстық перинаталдық орталығының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Медицина мекемесінің материалдық-техникалық базасымен танысып, өңірде ана мен бала денсаулығын жақсарту ісіне лайықты көңіл бөлінуде екендігіне көз жеткізді. 2015 жылы пайдалануға берілген заманауи ғимаратта 109 білікті маманның көмегімен жылына шамамен 7000-нан астам нәресте дүниеге келеді. Ел қазынасынан бөлінетін қаржы жыл санап артуда. Мәселен, 2014 жылы салаға 78 млн-ға жуық қаржы жұмсалса, 2017 жылы оның көлемі 1 млрд 300 млн-ға жеткен. Соның нәтижесінде өткен жылы сәби өлімінің көрсеткіші 10,5-тен 8,9 пайызға кеміді. Вице-министрге балалар жансақтау, босану сынды озық технология мен барлық талаптарға сай жабдықталған бөлімшелердің жұмысы көрсетілді.
Облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Айгүл Айтбаева:
- Мұнда нәрестелерді туғызып қана қоймай, оларды емдеумен де айналысамыз. Сонымен қатар аудандардан 500-ге жуық сәбиді санавиация көмегімен алдыртуға мүмкіндігіміз бар. Мұның барлығына қол жеткізуіміздің себебі, қажетті қондырғылармен 100 пайыз жабдықталған жаңа нысан. Өткен жылы орталық ішінен бактериологиялық зертхана ашылды.
Вице-министр заманауи клиниканың жұмысымен танысып, басшылары мен қызметкерлеріне жаңа белестерді бағындыруды тілеп, алғыс білдірді.
 
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы