Елімізде алдыңғы орында тұрған жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету, жүрек ауруларының алдын алу мақсатында Сейітхан Жошыбаев басқаратын Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының білікті мамандары ауыл тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсету үшін аудандарға шықты. Электрокардиаграмма, эхокардиограмма, ультрадыбыстық зерттеу және заманауи диагностикалық - лабораториялық құрылғылармен жабдықталған арнайы жедел жәрдем көлігінде олар ауыл тұрғындарына медициналық талдау-сараптау қорытындысын жасап қана қоймай, дерті бар науқастарға медициналық кеңестер берді.
Т.Рысқұлов ауданының Ақыртөбе ауылында 1 күнде 200-ден астам науқасты қабылдаған орталық дәрігерлері олардың 40 пайыздан астамынан түрлі дерттерді анықтады. Олардың 30-ға жуығы кардиологиялық, ал 18-і кардиохирургиялық көмекке мұқтаж болғандықтан, жедел түрде қалаға жолдама берілді. Сондай-ақ, 35 адам жоғары қан қысымынан зардап шегетіні, яғни артериялық гипертензияға шалдыққаны белгілі болды. Барлық есепке алынған науқастардың денсаулығы бақылауға алынып, тексеру жұмыстары жүргізілетін болады.
Ауыл халқын тегін медициналық тексерістен өткізуді жолға қойған бұл орталық осы қалпында алдағы уақытта облыстың барлық ауыл-аймағын аралауды жоспарлап отыр.