Елімізде алдыңғы орында тұрған жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету, аурудың алдын алу мақсатында Сейітхан Жошыбаев басқаратын Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының мамандары ауыл тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсету үшін аудандарға шықты. Арнайы жедел жәрдем көлігі электрокардиаграмма, эхокардиограмма, ультрадыбыстық зерттеу және заманауи диагностикалық құрылғылармен жабдықталған.

Т.Рысқұлов ауданының Ақыртөбе ауылында 1 күнде 200-ден астам науқасты қабылдаған орталық дәрігерлері 40 пайыздан астамынан түрлі дерттерді анықтады. Олардың 30-ға жуық тұрғыны кардиологиялық, ал 18-і кардиохирургиялық көмекке мұқтаж болғандықтан жедел түрде қалаға жолдамамен жіберілді. Сондай-ақ 35 адам жоғары қан қысымынан зардап шегетіні, яғни артериялық гипертензияға шалдыққаны белгілі болды. Барлық есепке алынған науқастардың денсаулығы бақылауға алынып, тексеру жұмыстары жүргізілетін болады.
Ауыл халқын тегін медициналық тексерістен өткізуді жолға қойған бұл орталық, алдағы уақытта облыстың барлық ауыл-аймағын аралауды жоспарлап отыр. Мұндай игі іс ауыл халқы үшін тиімді болмақ, өйткені медициналық тексерістен өтуі үшін облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті жердің өзінде қаралуына мүмкіндік туады.
 
 
 
Шолпан Тайжанова
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз орталығының тілшісі