2025 жылы МӘМС-ке қанша төлейміз?
Қазақстандағы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері бұрынғы деңгейде қалғандықтан, МӘМС төлемдерінің көбісі өзгермейді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін жарналарды есептеу негізі ретінде ең төменгі жалақыны алатынын еске салды. 2025 жылы оның мөлшері сол күйінде қалды – 85 000 теңге. Демек, жарналар мөлшері де өзгермейді.
Жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін төлем мөлшері өзгеріссіз қалады – сәйкесінше 3% және 2%.
Тек біржолғы төлем мөлшері өзгереді – 21,5%-дан 23,8%-ға дейін, сондай-ақ жеңілдетілген категориядағы азаматтар үшін мемлекет тарапынан жарналар мөлшері өзгереді – орташа айлық жалақының 1,9%-ынан 2%-ына дейін, бұл көрсеткіш өткен екі жылдағы ағымдағы қаржы жылының орташа айлық жалақысынан есептеледі. Бұл мәліметті мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган анықтайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚР орташа айлық жалақысы 364 295 теңгені құрады.
Осылайша, 2025 жылы МӘМС төлемдерінің мөлшері келесідей болады:
- Жұмыс берушілердің жарналары – қызметкердің табысынан 3%;
- Жұмысшылардың жарналары – табыстың 2%-ы;
- Біржолғы төлем төлеушілер – жалақы қорынан 23,8%;
- Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жарналары – табыстың 2%-ы;
- Жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын тұлғалардың жарналары – 5 950 теңге (Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ЕТЖ мөлшерінің 1,4 еселенген мөлшерінің 5%);
- Дербес төлеушілердің жарналары – 4 250 теңге (ЕТЖ-ның 5%-ы);
- Мемлекет тарапынан МӘМС-ке төленетін жарналар – 7 285,9 теңге.
МӘМС жарналарын «Қазпошта» АҚ, екінші деңгейлі банктердің кассалары мен мобильді қосымшалары, сондай-ақ терминалдар арқылы төлеуге болады.
«Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры» КЕАҚ
Жамбыл облысы бойынша
филиалы