Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

Бүгін «Жамбыл-Жылу» мекемесінде өткен кездесуде №5 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Мурзакасымова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің халыққа қандай пайдасы болатынын түсіндірді.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін халықтың мүддесі үшін енгізіп жатырмыз. Егер бүгінде, айталық, кезекте тұрмау үшін немесе сапасына күмәні болғандықтан тегін медициналық қызметтен бас тартқан азамат жеке меншік клиникаға барып, 100 пайыз қызмет құнын өзі төлейді. Ал медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жеке меншік ауруханаға келген адам қалтасынан ақша шығармайды, қызмет құнын міндетті сақтандыру қоры өтейді. Ең бастысы, қордың медициналық мекемелермен келісімі болуы керек. Бұл халыққа тиімді», - дейді Н.Мурзакасымова.
Айта кетейік, медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастайды. Сақтандыру пакетіне амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді.
Аталмыш пакетті алу құқығы жарнасы төленген ел азаматтарына және ел аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі. Бұл ретте, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейді. Ал жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылары үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін жарна аударады.
«Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес, жұмыс берушілердің МӘМС жүйесіне аударатын төлемдері 2017 жылы 2%-дан 1%-ға дейін, 2018 жылы 3%-дан 1,5%-ға дейін, 2019 жылы 4%-дан 1,5%-ға дейін, 2020-2021 жылдары 5%-дан 2%-ға дейін, 2022 жылы 3%- ға дейін азаяды.
Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңында МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу мерзімі аударымдардың соңғы төлемін төлегеннен кейін 1 айдан 3-айға дейін артты. Аударымдар мен жарналар сомасын түзету қажеттігі алынып тасталды. Өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болса, 2018 жылдың 1 қаң­тарынан бастап сақтандыру қорына табысының 5 пайызын құрай­тын жарна төлеуге міндеттеледі.
Осы және өзге де мәселелерге жан-жақты тоқталған ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері жиынға қатысушылардың бірқа­тар сұрақтарына жауап берді.
 
 
 
 
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы