Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты облысымызда түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Осыған орай Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті облыс бойынша департаментінің маманы Бурханов Дәурен мен Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Құрманалиева Қарлығаш «ЖГРЭС» акционерлік қоғамның қызметкерлеріне келіп, жаңа жүйе туралы ойларымен бөлісті.
Қызметкерлері арасында міндетті әлеу­меттік медицина­лық сақ­тан­­дыру жүйесі­нің негіз­гі қағидаларын түсіндіруге арнал­ған жиын өткізді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек алу және медициналық мекемені таңдау құқына ие болады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымымен бірлесіп, міндетті сақтандыру қорының толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық-нормативтік базаны, негізгі бизнес-үдерістерді, ақпараттық жүйелерін әзірлеу мен оларды бекіту бойынша жұмыстар атқаруда.
Сонымен қатар, заңға енгізу жоспарланып отырған толықтырулар МӘМС аясында медицциналық көмек алу, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, Қордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша біріңғай төлем жасаушы ретінде белгіленуі тұрғысынан өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетерлігі, Қордың медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы ретінде ұзақ мерзімді келісімдер арқылы біріңғай тарифтік саясат бойынша жұмыс істеуі медициналық көмек пен дәрілік заттардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Осылайша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру медициналық қызметтің халықтың барлық санаттары үшін тиісті көлемде қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Халықаралық тәжірибе міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуі аталмыш мәселелерді шешуге ықпал етіп, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететінін көрсетіп отыр.
Міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуімен қатар, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы өсіп, бұл медициналық қызметтің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің мақсаты – медициналық көмек көрсетудің мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген тұрақты міндеттемелер жүйесін қамтамасыз ету. Осылайша, бұл жүйеде әрбір тараптың денсаулық сақтау жүйесіндегі орны нақты белгіленген.
Жалдамалы жұмыскерлердің жарналары өзгеріссіз қалады: 2019 жылы – жалақыдан 1%, 2020 жылдан – жалақыдан 2%. Қорға түсетін төлемдердің басым бөлігі мемлекет өз мойнына алып, 10,1 млн. тұрғындар үшін төлемақы жасайды.
 
 
 
 
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық
сақтау басқармасының баспасөз орталығы