Қазақстанның барлық өңірлерінде республиканың медициналық қызметкерлері арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндіру бойынша кең көлемді акция жүргізілуде.
Осыған байланысты «ЖамбылРемСервис» ЖШС-де №6 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Құлажанов Самат кездесу өткізіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ұтымды тұстарын айтып берді. Кездесуге «ЖамбылРемСервис» ЖШС басшылығы мен ұжымы қатысты.
Еске сала кетейік, медициналық сақтандыру халықтыңденсаулығын қорғау жүйесі. Қорланған қаражат есебінен азаматтардың тегін медициналық көмек алуына кепілдік беруді көздейді. Барлық деңгейдегі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын тегін денсаулық сақтаудан медициналық сақтандырудың айырмашылығы осында. Медициналық сақтандыру міндетті және ерікті сақтандыру жолымен жүзеге асырылады. Міндетті медициналық сақтандыру мемлекеттік әлеуметтік сақтандырудың бір бөлігі болып табылады және мұнда сақтандыру жарналарын жұмыс істеуші азаматтар үшін кәсіпорынның, ұйымның, басқа да жұмыс берушілердің қаражатынан төленеді, ал еңбекке жарамсыздар, жұмыс сыздар үшін тиісті деңгейдегі бюджеттерден қаражат аударылады. Ерікті медициналық сақтандыруда сақтандыру тарифтері сақтандырушы ұйым мен медициналық мекеме арасындағы келісім бойынша белгіленеді. Сақтандыру шарттарын азаматтар жеке өзі жасайды немесе олар сақтандыру жарнасын кәсіпорынның, ұйымның, тағыда басқа пайдасынан төлеу жолымен ұжымдық нысанда жасалуы мүмкін. Еңбекшілердің өз қаражатынан төленетін ерікті медициналық сақтандыру бойынша неғұрлым жоғары деңгейде медициалық көмек көрсету көзделеді. Арнаулы медициналық сақтандыру қорларына аударылатын міндетті не ерікті сақтандыру жарналары денсаулық сақтау мекемелерінің сақтандыру бойынша медициналық қызмет көрсетуін қаржыландыру көзі болып табылады. Азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін дербес коммерциялы емес қаржы ұйымдары ретінде жалпы ұлттық не аумақтық міндетті медициналық сақтандыру қорлары құрылады. Әрбір сақтандырылушы елдің кез келген аумағында медициналық көмек алуға кепілдік беретін медициналық полис алады. Мемлекеттік және жергілікті денсаулық сақтау мекемелерін қаржыландыруға аударылған қаражатқа салық салынбайды.
Медициналық сақтандыру - бұл жұмыс берушілердің, азаматтардың сақтық жарналары мен бюджеттік қаражаттар есебінен сақтандырылған адамдарға зиянның орнын өтеу үшін және медицина мекемелерінің шығындарыныңөтемақысын төлеу үшін ауырған, жарақат алған жағдайда денсаулықты қаржыландыру жөніндегі қатынастар. Ол әлеуметтік бағдарланған экономикасы бар елдердің сақтық қорғауы тұтас жүйесінің міндетті атрибуттарының бірі болып табылады.
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы