Бүгінде ерлер денсаулығы медициналық проблема шеңберінен шығып, мемлекет пен жеке тұлғаның ықпал етуін талап етіп отырған әлеуметтік мәселеге айналды. Ерлер арасындағы түрлі аурулардың белең алуына отандық ақ халаттылар да бей-жай қарап отырған жоқ. Тараз қаласына арнайы келген еліміздің бас урологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ бас директоры Мырзакерім Алшынбав бастаған топтың білікті дәрігерлерден құралған топтың іс-сапарының негізгі мақсаты - республикадағы ер азаматтардың денсаулығының қазіргі жағдайын баяндау, урологиялық аурулардың ерте кезеңде алдын алу және халықтың өз денсаулығына қатысты мәдениетін көтеру болып табылады.
Акция барысында 150 ер адам тегін қаралып, жағдайы күрделі науқастарға ғылыми зерттеу орталығына жолдамалар берілді.
Осы күні бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткен баспасөз-конференциясына еліміздің бас урологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ бас директоры Мырзакерім Алшынбав, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының академигі Михаил Зельцер, Кардиология және ішкі аурулар Ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор Сәлім Беркінбаев, Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталығының директоры Жамиля Баттақова қатысты.
«Өкінішке қарай, ел аумағындағы ерлер орташа есеппен әйелдерге қарағанда 12 жылға қысқа өмір сүреді. Бұл көбінесе, сырқат ер азаматтардың медицина көмегіне өте кеш жүгінетінінің салдары екенін айтқан жөн. Яғни, заманауи диагностика арқылы ауруын анықтап, өмір сапасын жақсартуға еркектердің өзі құлықсыз, ер азаматтар ауруларын әбден асқындырып, соңғы сатысына жеткенше жүре береді»,- дейді еліміздің бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев.
Ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерлерге үш есе сирек қаралатыны рас. Статистикалық мәліметтері бойынша ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен. 75 жасқа жеткен уақытта ерлердің арасындағы қатерлі ісік нәтижесіндегі өлім-жітім көрсеткіші әйелдермен салыстырғанда 2 есе жоғары екен. Сондай-ақ жаңа туған ұл балалар арасындағы өлім-жітім нәресте қыз балаларға қарағанда 3 есе жоғары. Және де жыл сайын бүкіл әлем бойынша 25 мыңнан аса ер адам өзіне қол жұмсайды.
Қазіргі таңда ерлер арасында простатит, жыныс безінің зарарсыз гиперплазиясы, эректильдік дисфункцияға жүрек-қан тамырлар жүйесінің аурулары көп кездеседі. Өкінішке қарай, отбасын құрған әрбір бесінші ер азамат белсіздікке ұшырайды. Елімізде ерлердің 44 пайызы түрлі аурулармен сырқаттанады. Бұл – олардың салауатты өмір салтын сақтамауынан және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамауынан туындайды. Бұл туралы арнайы мәліметтермен бөліскен еліміздің бас урологы №2 қалалық аурухана мамандарының біліктілігіне ризашылығын білдірді.
Осы орайда Жамбыл облысында 2013 жылы алғаш рет ерлердің денсаулығына арналған орталық ашылғанын айта кету керек. Мұнда тұрғындарға урологтан басқа кардиолог, эндокринолог, балалар дәрігері, тері-венеролог секілді мамандар қызмет көрсетеді.
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы