Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесін нақтылап, енгізуді жүктеген болатын. Осыған орай, №8 мектеп гимназиясында білім-беру саласындағы қызметкерлерге ҚР ДСМ медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің директоры Бахыт Исмаханбетов жаңа жүйенің артықшылықтары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
2018 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүзеге асады. Жаңа жүйе болғандықтан, «оны енгізудің қажеттілігі неде, тиімді тұстары қандай?» деген сұрақтар туындайтыны орынды. Сарапшының айтуынша, әлемде инфекциялық емес аурулардың өсуіне, жаңа медициналық технологияларды енгізуге және егде жастағы халықтың көбеюіне байланысты өзгерістер жүріп жатыр. Бұл денсаулық сақтауға арналған шығыстардың ұлғаюына алып келеді. Халықаралық тәжірибеде бұл жүйені енгізу осы сындарға жауап береді және денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Мұндай тәсіл мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтардың арасында денсаулық сақтау бағытында жауапкершілік жүгін арттырады.
— Бұл ретте экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарнаны мемлекет төлейтінін атап өту керек. Азаматтардың 15 санаты жарна төлеуден босатылады. Олардың ішінде, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мүгедектер, жұмыссыздар, көп балалы аналар, бала тууына немесе асырап алуына байланысты демалыста жүрген адамдар және басқалары бар. Ал, жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады. Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакцинациялау кіреді. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі 10 миллион халыққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі үшін мемлекет қаржы бөлсе, қалған 5,6 миллион тұрғын — жұмыс берушілердің жауапкершілігінде, — дейді Жамбыл облысы бойынша Департаментінің директоры Бахыт Исмаханбетов. Сақтандыру жүйесі аясында азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
Аталмыш жүйе енгізілгеннен кейін еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өспек. Сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болмақ. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. Сақтандыру жүйесі адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді.
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық
сақтау басқармасының баспасөз орталығы