Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмысы Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназиясында өткен жиынмен жалғасты. Бұл жолы кездесуге Тараз қаласының № 1,2,4,5,6,10,12,14,22,23,31 мекептерінің директорлары, орынбасарлары мен мұғалімдер қатысты. Кездесуді ҚР ДСМ медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің директоры Бахыт Исмаханбетов жүргізіп, жаңа жүйенің артықшылықтарына тоқталды.
2017 жылдың шілде айынан бастап қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ақша аударады. Жаңа жүйе бойынша емделуші адам емхананы да, дәрігерді де өзі таңдайды. Нәтижесінде дәрігерлер арасында бәсекелестік пайда болып, медициналық қызметтің сапасы артады.
2018 жылдан бастап тек сақтандыруы бар адамдар ғана медициналық қызметті қолдана алады. Сақтандыруы жоқ адамдар үшін медициналық қызметті қолдану қиынға соғады. Сондықтан, барлық азаматта сақтандыру болғаны жөн. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру екіге бөлінеді. Оның бірі - міндетті, енді бірі - ерікті.
Медициналық сақтандырудың жаңа жүйесі арқылы емделудің қолжетімділігіне, сапалы медициналық көмекке, тегін және қолжетімді дәрі-дәрмектерге қол жеткізіп, құқығыңыз бен мүддеңіздің қорғалуын қамтамасыз етесіз. Сонымен қатар, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісім шарт негізіне жүзеге асырылады.
Мемлекет кепілдік берілген көлемімен азаматтарға тегін медициналық көмек көрсету бойынша қамсыздандыруын әрі қарай жалғастыра береді. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді. 2020 жылға дейін сақтандырылмаған азаматтарға кепілдік берілген көлемімен тегін медициналық көмек көрсету аясында амбулаторлық дәрілермен қамтамасыз етілген амбулаторлық-емханалық көмек көрсетіледі.
- Медицинасы дамыған елдердің барлығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген. Олардың ішінде Жапония, Корея, Америка елдерін атап өтуге болады. Біздің елімізде де медицина жыл санап дамып келеді, бірақ қаржыландыру мәселесі әлі күнге дейін үкіметтің мойнында. Сол себептен де елімізге жаңа жүйе қажет,-деген,- Бахыт Исмаханбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы әңгімелеп берді.
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы