№1 қалалық аурухана жанынан 25 төсектік босану бөлімшесі ашылды. Ашылғанына 5 күн болған перзентхана жүкті әйелдерді қабылдап, онда 8 сәби дүние есігін ашты.
Бұл - өңіріміздегі көпсалалы аурухана жанынан құрылған алғашқы перзентхана. Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқрамасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Құралай Саринаның айтуынша, перзентхана Денсаулық сақтау министрлігінің аймақтандыру бағдарламасына орай ашылып отыр. Бұған дейін аудандық перзентханаларды есептемегенде, бар күш - облыстық және қалалық перинаталдық орталықтарға түсіп келді. Негізі перзентханалар - босанатын әйелдердің денсаулық жағдайына байланысты үш түрге бөлінеді. Егер әйелдің жағдайы ауыр, түрлі тәуекелдерді қажет ететін болса, ол міндетті түрде үшінші деңгейлі перзентханаға жіберіледі. Бұл босану бөлімшесі — бірінші деңгейлі болып есептеледі. Мұнда денсаулығы қалыпты, жүктілік кезеңінде ешқандай оқыс жағдайлар, асқынулар болмаған әйелдер қабылданады және жылына орта есеппен 2500-3000 сәбидің кіндік қаны осы шаңырақта тамады.
Перзентхананың әрбір бөлмесіне іштегі шарананың жүрек қағысын қадағалайтын қондырғы орнатылған. Қажетті жабдықтар Германия, Израиль және Ресейден жеткізілген. Мекемеде аналар мен балалар үшін бар жағдай жасалған. Мәселен, перзентхана бөлмелері еуропалық үлгіде бір-екі орынға ғана шақталған. Ал, мамандар ана мен бала қауіпсіздігі және жаңа перинаталдық технологиялар бойынша арнайы курстардан өткен.
Босану бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Ольга Большакова:
— Босануға келген әйелдерге барлық жағдай жасалып отыр. Олардың жандарында тума-туыстары бола алады. Қажет жағдайда, психолог та көмекке келеді. Босанғаннан кейін, сәби бірден анасына беріледі. Бұл - бала ағзасында қорғаныс қабілетінің қалыптасуы үшін маңызды, — дейді.
Сондай-ақ осы күні тұңғыш рет 3 сәбиді перзентханадан шығару рәсімі өтті. Салтанатты түрде ата-аналарға туу кәуліктері мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Өзінің алтыншы сәбиін дүниеге әкеліп күміс алқаны иеленген Тараздық Айнұр Төлеуова: «Сәбилер күтіміне медбикелер көмектеседі. Дәрігерлер өзімізге де, сәбилерімізге де жақсы қарайды. Үш мезгіл тамақтандырады. Палата ішінде жуыну бөлмесі де бар. Ана мен балаға жасалып жатқан бар жақсылықтарыныз үшін алғысым шексіз»,- дейді ағынан жарылып.
Перзентхананың тағы бір ерекшелігі – ол басқа босану бөлімдеріндей оқшауланбай, көпсалалы аурухананың құрамында болуы. Мамандардың пікірінше, бұл жас босанатын аналарға қажет болған жағдайда басқа да медициналық көмек түрлерін дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.
 
Жамбыл облысы әкмідгі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз орталығы