Облыс бойынша ана мен бала денсаулығын арттыру және одан болатын өлім-жітімін көрсеткіштерін төмендету жөнінде денсаулық сақтау саласы басшыларының облыстық штаб отырысы өтті. Жиында Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Құралай Сарина мен облыстың штаттан тыс бас гинекологы Гүлсім Жақсыбекова 2016 жылдың 11 айында ана мен бала өлімінің көрсетікштері мен сыни жағдайлар туралы баяндама жасады.
Баяндамалар тыңдалып-талқыланып болған соң, штаб мүшелері 2016 жылдың 11 айында облыс бойынша жүкті, босанған, босанатын әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетуді жақсарту жөнінде біршама жұмыстар атқарылғандығын атап өтті.
Ағымдағы жылдың 11 айында Жамбыл облысы бойынша нәрестелік өлім көрсеткіші 1000 тірі туғанға шаққанда – 8,8%, 2015 жылдың осы кезеңінде – 10,6% құрап, 17 %-ға төмендеген.
Нәрестелік өлім деңгейі бойынша біздің аймақ ҚР бойынша жетінші орында және ол Республикалық көрсеткіштен – 0,3% асып тұр (ҚР – 8,5%, Жамбыл облысы – 8,8%).
Облыстық деңгейден жоғары көрсеткіш келесі мекемелерде байқалады: №3 қалалық емханасы – 16,7% (барлық қайтыс болғандар - 5, жалпы босанғандар саны - 300, өткен жылмен салыстырғанда өскен: 3/223 босану), Талас және Т.Рысқұлов аудандарында – 12,2%, Байзақ ауданында – 12,5%, №4 қалалық емханасында - 12%, №7 қалалық емханасында – 10,4%, Шу ауданында – 10,2%, №8 қалалық емханасында – 9,1%.
Нәрестелік өлім өлім-жітім себептерінің құрылымында бірінші орынды - перинаталдық кезеңнің кейбір жағдайлары құрайды - 58,2% (65,7%) – 11,4%-ға төмендеген. Екінші орында - туа біткен ақаулар себептерінен шетінеген сәбилер - 21,3 (16,3%) – өткен жылмен салыстырғанда 23,5%-ға өскен. Үшінші орынды – қайғылы оқиғалар мен улану себептері құрайды, облыс бойынша 22 %-ға төмендеген (2016 ж. – 8,5%, 2015 ж. – 10,9).
Туа біткен ақаулар себептерінен ең көп өлім жағдайлары Байзақ ауданында – 7, Шу, Қордай, Жамбыл және Меркі аудандарында – 3 тіркелген.
1 жасқа дейінгі балалардың өлім жағдайларына сараптама жүргізу кезінде медициналық көмекті ұйымдастыруда науқас балаларға немқұрайлы қарау, балалар мен жүкті әйелдерді профилактикалық тексеру, емдеу, диспансеризациялау кезінде нормативті-құқытық актілердің сақталмауы, облыстың емдеу мекемелері арасында сабақтастықтың және басшылар тарапынан бақылаудың болмауы сияқты кемшіліктер анықталған.
11 айдың қорытындысы бойынша ана өлімінің 3 жағдайы тіркеліп, аналар өлімінің көрсеткіші – 12,6% құрады, 2015 жылы – 4,1% болған.
Акушерлік сыни жағдайлар 31-ден 69-ға, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге дейін өскен. Бұл ретте бірінші орында акушерлік қан кетулер тұр. Жыл сайын бастапқы санитарлық-медициналық көмек ұйымдары деңгейінде экстрагенитальды аурулар бар бала тууға қабілетті жастағы әйелдерді сапасыз емдеу салдарынан сыни жағдайлардың төмендеуі байқалмайды.
Акушерлік сыни жағдайларды сараптау кезінде босануға көмек беретін ұйымдардың басшылары тарапынан бақылаудың аздығы, сыни жағдайларға әкеліп соқтыратын - хабарлау схемасын сақтамау, жағдайды бағаламау және басқа да бұзушылықтар анықталды. Мұндай жағдайлар Сарысу, Қордай, Шу аудандарында, облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында, №6, 2 қалалық емханаларында және Жамбыл облыстық ауруханасында байқалады.
Жиынды облыстық денсаулық сақтау басқарамасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов қорытындылап, ана мен бала денсаулығын нығайта түсудегі жұмыстардың кешенді түрде жалғасу қажеттігін атап өтті.
Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасы
баспасөз орталығы