Елімізде, соның ішінде облыс аумағында коронавирус инфекциясын  жұқтырған тұрғындардың санының өсуіне байланысты Жамбыл облысы үстіміздегі жылдың 16 қаңтарынан  бастап «қызыл аймаққа» енді.

Осыған орай аудандық орталық аурухананың дәрігер-эпидемиологы Бегім Барбосыновқа бірнеше сауалды қойған болатынбыз.  

 

-Бегім Нұржанұлы әлемді әбігерге салған «Омикрон» штамына тән симптомдарға тоқталып өтсеңіз?
 
-Елімізде эпидемиялық ахуал қайтадан күрделене түскенін жақсы білесіздер.  Бүгінгі күні «Омикрон» штамы Нұр - Сұлтан және Алматы қалаларында зертханалық жолмен расталды. Сондықтан бұл үлкен алаңдаушылық туғызады.
Жаңа «Омикронның» жұғу жылдамдығы «дельта» штамына қарағанда 5 есе жоғары. Адам ағзасында 70 есе тез көбейеді. Өлім-жітім көрсеткіші жоғары болмағанымен, көпшілік жағдайда вирус тудыратын ауыр зардаптарымен қауіпті.
«Омикронға» тән симптомдар - буын, бұлшықет, сүйектердің қақсап ауыруы, әлсіздік пен құрғақ жөтел.  Дене қызуының болмауы да мүмкін. Егер осындай белгілерді байқасаңыз, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал.
 
-Ауданымызда ревакциналау қалай жүруде?
 
-Бүгінге дейін Байзақ ауданында 46810 адам  вакцинаның I компонентін, 38058 адам II компонентін алды. «Pfizer» вакцинасының І компонентімен 5 766 жасөспірім, 356 - жүкті әйелдер, 662 - бала емізетін аналар егілді.
Аудан бойынша ревакциналаудан 4888 адам өтті. Қауіпті вирусты тежеудің бір жолы- вакцина салдыру. Сондықтан аймақ тұрғындарына екпенің маңызы туралы ақпараттық түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Дерттің  емі - екпеде. Екпе алған адамның ағзасында коронавирусқа қарсы антиденелер пайда болып, вирусқа төтеп бере алады. Сондықтан, аудан тұрғындарын екпе алуға және ревакциналаудан өтуге шақырамыз. Сонымен қатар, бетперде тағып жүру, қолды таза ұстау, халық көп жиналған орындарға, сауда орындарына бармау, қонақ шақырмау сынды талаптарды бұлжытпай орындаудың маңызы зор.  Яғни, оқшаулану мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау арқылы вирустың таралуын тоқтата алатындығымызды естен шығармайық.